ҒАЛЫМҒА ҚҰРМЕТ – ҒЫЛЫМҒА ҚҰРМЕТ: ТҮРКІСТАНДА МЕКЕМТАС МЫРЗАХМЕТҰЛЫНЫҢ АТЫНДАҒЫ ДӘРІСХАНА АШЫЛДЫ

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде қазақ ғылымы мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мекемтас Мырзахметұлының есімі ұлықталды. Университетте ғалымның аты берілген жаңа дәрісхана ашылды.

Тағылымды шара «Қазақ тілі – ғылым тілі: Digital Qazaqstan дәуірінде ғылыми трансформация» III Халықаралық симпозиумы аясында өтті.

Мекемтас Мырзахметұлы – қазақ әдебиеттануы мен абайтану ғылымының дамуына зор үлес қосқан ғалым. Ол Абай мен Шәкәрім мұрасындағы «Толық адам ілімі» мен «Ар ғылымы» бағыттарын жаңаша зерделеп, ұлттық руханияттағы маңызды ғылыми ізденістердің дамуына жол ашты.

Ғалымның еңбек жолы Ясауи университетінің тарихымен де тығыз байланысты. 1991-2000 жылдары ол кафедра меңгерушісі, Ясауи ғылыми лабораториясының меңгерушісі, Әдебиет және этнофилология ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметтерін атқарды. Осы кезеңде филология ғылымының өркендеуіне, абайтану мен ясауитану бағытындағы зерттеулердің дамуына, жас мамандар даярлауға және университеттің ғылыми беделінің қалыптасуына елеулі үлес қосты.

Ұлағатты ұстаздың есімін ұлықтаған шараға зиялы қауым өкілдері, ғалымның отбасы мүшелері, университет басшылығы, әріптестері мен шәкірттері қатысты.

Жиында университет ректоры Жанар Темірбекова Мекемтас Мырзахметұлының оқу орнының қалыптасуы мен ғылыми дамуына қосқан үлесін атап өтіп, ғалымның ұстаздық жолы мен ғылыми мұрасы кейінгі ұрпаққа өнеге екенін жеткізді.

Тағылымды шараға академик, Өкілетті кеңес мүшесі Дархан Қыдырәлі және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков те арнайы қатысты.

Кеш барысында ғалымның шәкірттері мен әріптестері ұстаз туралы естеліктерімен бөлісіп, оның ғылымға деген адалдығы мен ұлт руханиятына сіңірген еңбегін кеңінен сөз етті.

Өнер, медиа және дизайн факультетінің студенттері Абайдың «Толық адам» іліміне негізделген сахналық қойылым ұсынып, көрерменге ғалым зерттеген рухани құндылықтардың мәнін өнер тілімен жеткізді.

Ұқсас жаңалықтар

Цифрлық құқықты қорғау бүгінгі күннің талабы – Алматы облысы мәслихатының төрағасы

berdaly_oraz

«Қатты жел,найзағай» Ертең Түркістан облысында дауылды ескерту жарияланды

berdaly_oraz

«ЕҢБЕК КУБОГЫ»: ТҮРКІСТАНДА КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІНІҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПАРТАКИАДАСЫ ӨТУДЕ

berdaly_oraz