Қайта құқық бұзушылыққа жол бермеу – басты назарда
Түркістан облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу және қайталама қылмыстарға жол бермеу мақсатында профилактикалық есепте тұрған азаматтарды тексеру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Полицейлер олардың тұрғылықты мекенжайларына барып, заң талаптары мен белгіленген шектеулердің сақталуын бақылауда.
Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда өңірде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 242 азамат және әкімшілік қадағалауда тұрған 157 адам есепте тұр. Полиция қызметкерлері аталған азаматтардың белгіленген міндеттерді орындауын тұрақты түрде тексеріп келеді.
Бақылаудың тиімділігін арттыру үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, әкімшілік қадағалауда тұрған және сот шешімімен үйқамаққа алынған азаматтарға электрондық білезіктер тағылған. Бұл құрылғылар олардың жүріп-тұруын бақылауға және сот белгілеген шектеулердің орындалуын қадағалауға мүмкіндік береді.
Тексеру барысында белгіленген талаптарды бұзған шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 14 азамат түзеу мекемелеріне қайта жіберілген. Бұл – заң талаптарын сақтаудың және белгіленген міндеттерді орындаудың маңызын көрсетеді.
Полиция қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған азаматтарды бақылау жұмыстарын жалғастырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шараларды тұрақты түрде жүргізуде.
