Арыстық жас өнерпаз Айзере Бақытбек Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын ұлықтауға арналған «Диуани хикмет» аймақтық байқауында үздік атанып, І орын иеленді.
Түркістан қаласында өткен тағылымды додада қатысушылар ұлы ойшылдың хикметтерін жатқа айтып, білімдері мен өнерлерін ортаға салды. Байқаудың басты мақсаты – Қожа Ахмет Ясауи мұрасын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың рухани танымын тереңдету және оларды адамгершілік пен ізгілікке баулу.
Арыс қаласының намысын қорғаған Айзере Бақытбек байқауда жоғары деңгейде өнер көрсетіп, қазылар алқасының бағасына ие болды. Жеңімпазға І орынмен бірге 150 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталды.
Бұл жеңіс – жас таланттың ізденісі мен дайындығының, сондай-ақ рухани мұраға деген құрметінің жемісі. Ұлы бабаның өсиетін жүрегіне тоқыған Айзеренің жетістігі өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Арыстық жас өнерпазды жарқын жеңісімен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да өнері өрге жүзіп, білім мен руханият жолында биік белестерді бағындыра берсін!
