ҮМІТКЕРДІҢ ҒҰМЫРНАМАСЫ
Мен, Ермекбай Ақниет Ғабитұлы, 1999 жылы 15 қараша күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келдім.
2017 жылы Арыс қаласында орналасқан №11 Б.Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектепті тәмамдадым. 2018–2022 жылдары Шымкент қаласындағы «Шымкент университетіне» оқуға түсіп, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша жоғары білім алдым.
Спортпен жастайымнан айналысып, табандылық пен еңбекқорлықты өмірлік ұстанымыма айналдырдым. 2015 жылы бокстан Қазақстан Республикасының чемпионы атанып, спорт саласында жоғары нәтижеге қол жеткіздім. Бұл жетістік маған мақсатқа ұмтылудың, тәртіп пен қажырлы еңбектің маңызын терең түсіндірді.
Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлікпен айналысамын. Өз кәсібімді дамытуға, жаңа мүмкіндіктерді игеруге және кәсіпкерлік саласында тәжірибе жинақтауға басымдық беремін. Қызметімде адал еңбек, жауапкершілік пен табандылық қағидаларын берік ұстанамын. Кәсіпкерлікті дамыту арқылы туған жерімнің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімді қосуды мақсат етемін.
Арыс қаласы — менің кіндік қаным тамған жер. Әрбір тұрғынның мәселесіне көңіл бөлуді, сол арқылы елдің әлеуетін арттыруды көздейтін жобаларға қолдау білдіремін.
Отбасылымын, көпбалалы әкемін.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
«Жастарға мүмкіндік, елге қызмет, халыққа жауапкершілік!»
Құрметті сайлаушылар!
Менің мақсатым Арыс қаласының дамуына үлес қосу, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту, жастарды қолдау, спорт пен кәсіпкерлікті дамыту және халықтың өзекті мәселелерінің шешілуіне атсалысуға негізделеді. Спорттағы жетістігім мен кәсіпкерлік тәжірибем маған еңбекқорлықты, тәртіп пен жауапкершілікті үйретті. Осы қасиеттерімді туған қаламның игілігіне жұмсауды мақсат етемін.
1. ҚАЛА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҚСАРТУ
— Арыс қаласы мен елді мекендердің көшелері мен мөлтекаудандардағы зақымданған жол бөліктерін қайта жөндеу мәселесін көтеру, түнгі мезгілде көшелерді жарықтандыру мәселесін жетілдіру, жаяу жүргіншілер жолдарын салуға ықпал ету;
— Арыс қаласында ауызсу, электр энергиясы және коммуналдық қызмет сапасын жақсартуға атсалысу. “Баламекен”, “Парковый” елдімеендеріне балалар ойын алаңдары мен қоғамдық демалыс орындарын көбейту.
2. СПОРТТЫ ДАМЫТУ
— Балалар мен жастарға арналған спорт секцияларының қолжетімділігін арттыру;
— Бокс, футбол, қазақ күресі және басқа спорт түрлерін дамытуға қолдау көрсету, спорт алаңдары мен нысандарының жағдайын жақсарту мәселесін көтеру.
3. КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
Арыс қаласына инвестиция тарту арқылы Арыс қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу, шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсету. Жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған жобаларды қолдау.
4. ЖАСТАР МЕН ОТБАСЫЛАРДЫ ҚОЛДАУ
— Жастардың білім алуына, мамандық меңгеруіне және жұмысқа орналасуына жағдай жасау мәселесін көтеру;
— Көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардың мәселелеріне назар аудару;
— Ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыруды қолдау.
Жарияланым ақысы №4 сайлау округі бойынша Арыс қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Ермекбай Ақниет Ғабитұлының бюджеттік сайлау қорынан төленді.
