НАРЫМБЕТОВ ҚҰРМАНҒАЗЫ: «ЕЛ СЕНІМІ – ЕРТЕҢГІ ЖАУАПКЕРШІЛІК!»

Арыс қалалық мәслихатының №2 сайлау округі бойынша депутаттығына үміткер Нарымбетов Құрманғазы Нұралыұлы өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Теміржол саласында ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарған кандидат туған қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етуді, еңбек адамдарының мүддесін қорғауды, инфрақұрылымды жақсартуды және тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге атсалысуды басты мақсат етіп отыр.

Нарымбетов Құрманғазы Нұралыұлы 1976 жылы 16 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген.

1983–1993 жылдары Арыс қаласындағы №11 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте білім алған. 1994–1996 жылдары Политехникалық колледжде энергетика мамандығын меңгерген. Кейін 2006–2010 жылдары Халықаралық көліктік-гуманитарлық университетінде көлік жүйелерін ұйымдастыру, логистика, тасымалдау және қозғалысты басқару мамандығы бойынша жоғары білім алған.

Еңбек жолын теміржол саласымен байланыстырған Құрманғазы Нарымбетов 2002–2006 жылдары «Қазақстан темір жолы» Шымкент тасымалдау бөлімшесінде пойыз қабылдаушы болып жұмыс істеген.

2006–2012 жылдары коммерциялық бақылау бекетінің бригадирі, 2012–2015 жылдары станция кезекшісі қызметтерін атқарған. Ал 2015–2024 жылдары Шымкент тасымалдау бөлімшесі директорының логистика жөніндегі орынбасары лауазымында еңбек еткен.

2024 жылдың қаңтар айынан бастап станция басшысы қызметін атқарып келеді.

Теміржол саласында жинақтаған тәжірибесін туған қаласының дамуына бағыттауды көздеген үміткер Арыс қаласының өндірістік және көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалануға ерекше мән береді. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасы «Ел сенімі – ертеңгі жауапкершілік!» ұранымен ұсынылған.

Бағдарламада халықтың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, тұрғындардың өтініштеріне әділ қарау және жергілікті мәселелердің шешілуіне ықпал ету негізгі міндеттер ретінде белгіленген.

Үміткер депутаттық қызметтің басты қағидаты халық алдындағы жауапкершілік пен ашықтық болуы тиіс деп есептейді.

Осы бағытта тұрғындардан түскен ұсыныстарды тиісті мемлекеттік органдарға жеткізу, олардың қаралу барысын бақылау және атқарылған жұмыстар жөнінде сайлаушылар алдында тұрақты есеп беру көзделген. Құрманғазы Нарымбетовтің сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі – қаланың инфрақұрылымын жақсарту.

Кандидат қала мен ауылдық елді мекендердегі жолдардың сапасын арттыруға, жөндеуді қажет ететін көшелерді қалпына келтіруге және көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасауға ықпал етуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар көшелерді жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, тұрғын үй аулаларын абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді жақсарту мәселелері де назарда болады.

Үміткер ауызсу, электр энергиясы және коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға, тұрғындардың күнделікті тұрмысында кездесетін инфрақұрылымдық мәселелердің шешілуіне атсалысуды көздейді.

Қоғамдық көлік қатынасын жетілдіру, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз көлік инфрақұрылымын қалыптастыру да бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі.

Арыс – еліміздің маңызды теміржол тораптарының бірі. Қала тұрғындарының едәуір бөлігінің еңбек жолы теміржол саласымен тығыз байланысты.

Осы ерекшелікті ескерген кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасында теміржолшылардың әлеуметтік мәселелеріне ерекше назар аударған.

Көп жылдық еңбек тәжірибесі арқылы саланың тыныс-тіршілігін жақсы білетін Құрманғазы Нарымбетов теміржол қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту, олардың әлеуметтік қолдау шараларына қолжетімділігін арттыру және еңбек адамдарының мүдделерін қорғауға бағытталған бастамаларды қолдауды жоспарлап отыр.

Жарияланым кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан төленді.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ИНДИКАТОРЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕР МЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

berdaly_oraz

Мақтааралда Балаларды қорғау күні кең ауқымда аталып өтті

berdaly_oraz

Түркістандық спортшы бокстан халықаралық жарыста алтын алды