АРЫСТЫҢ ӨРКЕНДЕУІ ҚҰР УӘДЕМЕН ЕМЕС, НАҚТЫ ІСПЕН ӨЛШЕНУІ ТИІС

Марат Жолдасбеков: «Халықтың сенімін ақтау – ең үлкен жауапкершілік»

Қаланың дамуы тек жаңа ғимараттар мен әдемі көшелердің салынуымен өлшенбейді. Ол – тұрғынның үйіндегі жарықтың тұрақты болуы, ауызсудың үздіксіз берілуі, жолдың сапалы төселуі, көшенің жарықтандырылуы және балалардың қауіпсіз ортада өсуі. Арыстың бүгінгі тыныс-тіршілігінде де осындай күнделікті мәселелердің шешімі маңызды. Сондықтан қаланың өркендеуіне бейжай қарамай, нақты бастамаларға атсалысу – әрбір азаматтың ортақ міндеті.

Осы бағытта №5 сайлау округі бойынша Арыс қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат Марат Орынбасарұлы Жолдасбеков қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуды басты мақсаты санайды.

1991 жылғы 6 қаңтарда Арыс қаласында дүниеге келген ол туған жерінде өсіп, білім алып, еңбек жолын қалыптастырған. 2008–2014 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде білім алып, «Автоматтандыру және басқару» мамандығын меңгерген.

Еңбек жолында басшылық және кәсіпкерлік салаларында тәжірибе жинақтады. 2014–2024 жылдары «Түркістан асылдандыру орталығы» ЖШС мен «Камаз» Шымкент Автоорталығы» ЖШС директоры қызметтерін атқарды. 2024 жылдан бері «Асыл тұқымды қойлар» республикалық палатасының директоры болып еңбек етіп келеді.

Басқару саласындағы тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетін енді туған қаласының игілігіне бағыттауды көздейді. Оның пайымынша, қаланың дамуы ең алдымен тұрғындарды толғандырған мәселелерді шешуден басталуы керек.

Кандидаттың сайлауалды бағдарламасында инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше мән берілген. Себебі ауызсу, электр энергиясы мен табиғи газдың тұрақты берілуі – тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды факторлар.

Марат Жолдасбеков ескірген электр трансформаторлары мен бағаналарын жаңарту, электр қуатының кернеуін тұрақтандыру, табиғи газ қысымының төмендеуіне қатысты мәселелерді көтеруді көздейді. Сонымен қатар ауызсу қысымын қалыпқа келтіру, тозығы жеткен құбырларды кезең-кезеңімен ауыстыру және арық жүйелерін ретке келтіру қажеттігін атап өтеді.

Жауын-шашын кезінде көшелерде су жиналуының алдын алу үшін дренаж жүйелерін дамыту да бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі.

№5 сайлау округіндегі тұрғындар үшін жол сапасы мен көше жарығы да өзекті. Осыған байланысты кандидат округ аумағындағы 15-тен астам көше мен «Оңтүстік» мөлтек ауданындағы жолдарды кезең-кезеңімен асфальттау мәселесін көтермек.

Сондай-ақ көшелерді жарықтандыру, жол белгілерін орнату және көлік қозғалысы жиі жүретін аумақтарда жасанды кедергілер қоюға ықпал етуді жоспарлап отыр. Бұл бастамалар жаяу жүргіншілердің, әсіресе балалар мен қарт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қаланың тазалығы мен көркі де назардан тыс қалмаған. Бағдарламада тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару, иесіз жануарлар мәселесін заң талаптарына сәйкес реттеу, қоғамдық орындарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жетілдіру көзделген.

Бұл бағыттағы жұмыстар тек коммуналдық мекемелердің міндеті емес. Тұрғындардың тазалық мәдениетін қалыптастыруы мен қоғамдық тәртіпті сақтауы да маңызды.

Келешек ұрпақтың қауіпсіз әрі жайлы ортада өсуі – кез келген елді мекеннің басты міндеттерінің бірі. Осы орайда Марат Жолдасбеков балалар ойын алаңдары мен заманауи спорт нысандарын көбейтуге, жастарға арналған Workout және шағын футбол алаңдарын салу мәселесін көтеруді жоспарлап отыр.

Бұған қоса, қоғамдық көлік қатынасын жақсарту және тұрғындарға қолайлы аялдамалар орнату да сайлауалды бағдарламаның басым бағыттарына енгізілген.

Кандидаттың айтуынша, мәслихат депутаты болу – тек белгілі бір лауазымға ие болу емес, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың мәселесін шешуге жауапкершілікпен қарау.

Сондықтан ол тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, өтініштер мен ұсыныстарды назарға алуды, өзекті мәселелерді тиісті мекемелер алдында көтеруді және №5 сайлау округіне қажетті жобалардың қалалық бюджетке енгізілуіне ықпал етуді мақсат етеді.  Марат Жолдасбековтің ұстанымы – халықпен ашық диалог орнату, әрбір бастаманың орындалу барысын бақылау және тұрғындар алдындағы жауапкершілікті сезіну.

Арыс – оның туған жері. Ал туған жердің болашағына үлес қосу – азаматтық парыз. Қаладағы әрбір шешім тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталғанда ғана даму нақты нәтижесін береді. Өйткені Арыстың өркендеуі – бір адамның емес, барша арыстықтардың ортақ мақсаты.

Жарияланым кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан төленді.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда ұрлық пен заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес күшейеді

Redaktor Arysinfo

ТҮРКІСТАНДА «БАНК ЦЕНТР КРЕДИТ» ФИЛИАЛЫ АШЫЛЫП, ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КҮШЕЙЕДІ

Астанада V Еуразия экономикалық форумы басталды

Redaktor Arysinfo