СПОРТ – ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ, ДЕПУТАТТЫҚ – ХАЛЫҚ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Ерғазы Медетбеков: «Арыстың спорттық әлеуетін арттыру – басты басымдықтарымның бірі»

Қаланың дамуы тек жол мен ғимарат салумен шектелмейді. Ол – өскелең ұрпаққа сапалы тәрбие беру, жастарды спортқа баулу, әлеуметтік мәселелерді шешу және тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асу. Әсіресе, бұқаралық спортты дамыту мен ауыл-аймақтарда заманауи спорт нысандарын көбейту – салауатты қоғам қалыптастырудың маңызды шарты.

Бұл бағытта ұзақ жылдар бойы спорт саласында еңбек етіп, Арыстың қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласқан Ерғазы Максимханұлы Медетбековтің тәжірибесі бар. Ол №6_ сайлау округі бойынша Арыс қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде туған қаласының дамуына үлес қосуды жалғастыруды мақсат етеді.

Ерғазы Медетбеков 1967 жылы 10 сәуірде Арыс қаласында дүниеге келген. 1984 жылы Ә. Жангелдин атындағы №32 орта мектепті тәмамдап, сол жылдың қыркүйек айында спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек жолын бастаған.

Жоғары білімді маман. Қазақстан Халықтар Достығы университетін бітірген. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін де туған жерінде еңбек етіп, 1992–1993 жылдары Ә. Жангелдин атындағы жалпы білім беретін мектепте мұғалім қызметін атқарған.

Футболдағы кәсіби тәжірибесі де ерекше. 1990–1992 жылдары «СКИФ Ордабасы», 1994–1995 жылдары Алматының «Намыс» командасында, 1996–2000 жылдары Өзбекстанның «Тұран», Арал және Нөкіс қалаларындағы кәсіби футбол клубтарында өнер көрсеткен. Бірінші лигада екі жыл, жоғары лигада екі жыл доп тепкен.

Кейін жинақтаған спорттық тәжірибесін жас буынға үйретуге ден қойды. 2001–2008 жылдары «Арыс» спорт мектебінде, 2009–2010 жылдары Шымкент қаласындағы №7 мамандандырылған футбол мектебінде аға жаттықтырушы болды. Ал 2010–2021 жылдары «Арыс» футбол мектебінің директоры қызметін атқарды.

Қазіргі уақытта «Арыс спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры. Ерғазы Медетбековтің қоғамдық қызметіндегі маңызды белестердің бірі – қалалық мәслихаттағы депутаттық тәжірибесі. Ол V, VI, VII және VIII шақырылымдарда депутат болып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бастамалар көтеріп келеді.

Кандидаттың сайлауалды бағдарламасындағы ең маңызды бағыттардың бірі – бұқаралық спортты дамыту. Әсіресе, ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау мәселесіне басымдық берілген.

Осы орайда Дермене, Жиделі және Монтайтас ауылдық округтерінде заманауи спорт залдарын салу мәселесін көтеру – оның негізгі мақсаттарының бірі. Бұл бастама ауыл балаларының спорттық қабілетін шыңдап, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар «Арыс» футбол клубының Қазақстан чемпионатының бірінші лигасындағы командалар арасында үздік бестікке енуіне ықпал ету көзделген. Жастарды спортқа тарту арқылы олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру да бағдарламаның басым бағыттарына енгізілген.

Ерғазы Медетбековтің бағдарламасында қаланың инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге де ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, «Стадион» шағын ауданын ауызсумен қамтамасыз ету, «Оңтүстік» орамының инфрақұрылымын жаңғырту, С. Юсупов көшесін жарықтандыру жұмыстарына ықпал ету жоспарланған.

Сондай-ақ Б. Онтаев көшесінің төменгі бөлігіне спорт алаңын салу, Ө. Жәнібеков, Балғынбеков және Жұмағалиев көшелерінің қиылысына, орталық базар маңындағы бес қабатты тұрғын үйдің ауласына балалар ойын алаңшаларын орнату мәселелері көтерілген.

Н. Исмаилов көшесіндегі мешіт маңында орналасқан спорт алаңын күрделі жөндеуден өткізу де назарда. Бұдан бөлек, елді мекендерді көгалдандыру, көшелер мен жолдарды жөндеу, жарықтандыру жүйесін жаңарту және экологиялық тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыру көзделген.

Бағдарламада дәрігерлердің, мұғалімдердің, зейнеткерлер мен ардагерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ету мәселелері де қамтылған.

Сонымен қатар тұрғындарды сапалы дәрі-дәрмекпен және медициналық қызметпен қамтамасыз ету, емдеу мекемелерінің жұмысына, жедел жәрдем қызметінің сапасына қатысты мәселелерді тиісті органдар алдында көтеру көзделеді.

Экономиканың маңызды тірегі саналатын жеке кәсіпкерлікті қолдау, кәсіпкерлердің еркін дамуына кедергі келтіретін мәселелерді шешуге атсалысу да кандидаттың назарында. Ерғазы Медетбековтің пікірінше, депутаттық қызметтің нәтижесі көтерілген мәселелердің санына емес, олардың шешілуіне қосқан нақты үлесіне байланысты.

Сондықтан сайлаушылардың мұң-мұқтажы мен талап-тілектерін атқарушы билік және тиісті мекеме басшыларының алдында көтеріп, орындалуын бақылау – оның басты міндеттерінің бірі.

Спорт саласындағы көпжылдық тәжірибесі мен бірнеше шақырылымдағы депутаттық қызметін туған қаласының игілігіне бағыттауды көздеген кандидат Арыстың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына атсалысуды мақсат етеді.

Ауыл баласына да, қала баласына да бірдей мүмкіндік берілуі керек. Спорт нысандары қолжетімді, көшелер жарық, әлеуметтік мәселелер назарда болғанда ғана тұрғындардың өмір сапасы артады. Туған жердің дамуы – үздіксіз еңбек пен ортақ жауапкершіліктің нәтижесі.

Жарияланым кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан төленді.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ 120-ДАН АСТАМ ІС-ШАРА ӨТЕДІ

Redaktor Arysinfo

ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ТҮРКІСТАН ДАУЫСЫ» ӘН БАЙҚАУЫНЫҢ БЕСІНШІ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ

berdaly_oraz

Көгілдір отын – ауылға келген игілік: Ақдалада көптен күткен газ құрылысы қарқын алды

Redaktor Arysinfo