2025 жылдың 1 мамырынан бастап Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерде бұрыннан қолданылып келген «Tөлем» жүйесі толықтай тоқтатылады. Бұл шешім жүйе операторы — «Qaz SmartTrans» ЖШС-нің өз міндеттемелерін тиісінше орындамауына байланысты қабылданып отыр. Нәтижесінде, қала әкімдігі мен компания арасындағы келісімшарт біржақты тәртіппен бұзылды.
Қоғамдық көлікте төлем жасаудың жаңа жүйесі ретінде «Avtobys» платформасы таңдалып, қазіргі уақытта толыққанды жұмыс істеп тұр. Жолаушылар енді бірнеше заманауи әдістер арқылы жол ақысын төлей алады:
арнайы көлік карталарын пайдалану;
смартфон арқылы QR-код сканерлеу;
Visa, MasterCard, American Express, UniPay секілді банктік төлем карталары;
«Avtobys» мобильді қосымшасы арқылы.
Сонымен қатар, жаңа жүйенің шеңберінде төлем тәртібін бақылау үшін арнайы ревизиялық қызмет құрылды. Бұл өзгерістер қоғамдық көлік сапасын арттырып, цифрлық төлемдердің қауіпсіз әрі ыңғайлы болуын қамтамасыз етуді көздейді.
Қала тұрғындары мен қонақтарынан жаңа тәртіпке түсіністікпен қарап, алдын ала дайын болуын сұраймыз.