Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Medal Holding GmbH» және «Jasyl Jaryq Invest» компаниясының директоры әрі құрылтайшысы Әнуар Умбетаевпен кездесті. Тараптар құрылыс индустриясын дамыту, құрылыс материалдарын өндіру, энергетика және жер қойнауын пайдалану салаларында жаңа жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Облыс басшысы Түркістанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, инвесторларға барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, облыс табиғи ресурстарға бай, адам капиталының әлеуеті жоғары және халықаралық «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі арқылы жаһандық нарықтарға шығуға мүмкіндік мол. Сонымен қатар, өңірде ауыл шаруашылығы, туризм, өңдеу өнеркәсібі мен жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобаларды дамытуға зор мүмкіндіктер бар.
Кездесу барысында Әнуар Умбетаев Түркістан облысына инвестиция салуға қызығушылық танытып, компанияның Қазақстанда жүзеге асырып жатқан ірі жобалары туралы баяндады. Оның айтуынша, Medal Holding компаниясының жобаларына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің келісімдері үлкен серпін берген.
Кездесу қорытындысында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен «Jasyl Jaryq Invest» компаниясының директоры Әнуар Умбетаев Түркістан облысының коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту бойынша меморандумға қол қойды. Меморандум аясында жылу қазандықтарын автоматтандыру, экологиялық ахуалды жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті мамандарды оқыту секілді бастамалар жүзеге асырылмақ.
Айта кетейік, бас кеңсесі Германияның Ахен қаласында орналасқан «Medal Group» компаниялар тобы 50 жылдан астам уақыт бойы инвестициялар, өндіріс, қызмет көрсету және жылжымайтын мүлік салаларында табысты жұмыс істеп келеді.