Түркістан қаласының «Этноауыл» кешені ұлттық рух пен дәстүрдің мәйегіне айналды. Мұнда «Жалпыұлттық құндылық – ел дамуы» жобасы аясында ұйымдастырылған «Ұрпаққа аманат» атты облыстық форум өтті. Шараны Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы қолдап, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Форумның негізгі мақсаты – ата-бабадан қалған асыл қазынаны сақтап, оны қазіргі ұрпаққа жеткізу. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жиналғандарға құндылықтарды дәріптеу – мемлекеттің рухани іргетасын бекітетін маңызды міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық салт-дәстүрді ұлықтау әрбір қазақстандықтың борышы, әсіресе жастардың санасына отбасылық тәрбие мен мәдени мұраны сіңіру қажет.
Іс-шара аясында өткен «Ұлттық құндылық – ұлттың ұлы мұраты» атты облыстық идеялар байқауы қорытындыланды. Байқауға жалпы 51 жоба ұсынылса, оның ішінен 17 жоба үздік деп танылды. Бас жүлде «Киіз өндіру – ұлттық өндіріс, тұрақты табыс көзі» жобасына бұйырды. Екінші орын «Рухани мұраны заманауи үлгіде дәріптеу» бастамасына берілсе, үшінші орын «Ұлы Дала жауһарлары» жобасына табысталды. Жеңімпаздар сахна төрінде марапатталып, олардың еңбегі көпшілікке үлгі ретінде көрсетілді.
Форумда белгілі этнодизайнер Тілек Сұлтанның «Көненің көзі» атты ұлттық киімдер топтамасы сән көрсетілімі түрінде ұсынылды. Көрермендер қазақ қолөнерінің қайталанбас нақышына қанығып, көне үлгілердің қазіргі заманға лайықталған нұсқаларын тамашалады.
Сонымен қатар, шараға елге белгілі өнер қайраткерлері мен сарапшылар арнайы шақырылды. Абай облысынан келген республикалық «Жеті қазына» байқауының жеңімпазы Ақмарал Асанқызы, айтыскер ақын Біржан Байтуов, «Мәдениет саласының үздігі» атағына ие қолөнерші Айдарша Мереке, салт-дәстүр зерттеушісі Гүлшат Жаханқызы өз ой-пікірлерімен бөлісті. Олар қазақы болмысты сақтаудың мәні, ұлттық киім мен қолөнерді жаңғырту, отбасындағы тәрбиенің орны, той мәдениетін дұрыс қалыптастыру жайында мазмұнды баяндамалар жасады.
Спикерлердің айтуынша, бүгінгі таңда ұлттық құндылықтарды сақтап, оны жас буынға жеткізу – елдің болашағына жасалған ең маңызды қадамдардың бірі. Себебі жаһандану дәуірінде халықтың өзіндік келбеті мен рухани тірегі ұмыт қалмауы тиіс.

Форумға қатысушылар бұл бастаманы қолдап, осындай жиындардың қоғамда жиі ұйымдастырылуы керектігін айтты. Жобаға қатысқан жастар да үлкен тәжірибе жинап, ұлттық дәстүрге деген қызығушылықтарының артқанын жеткізді.
Осылайша, «Ұрпаққа аманат» форумы Түркістан жұртшылығын ортақ идеяға топтастырып, ұлттық болмысты сақтау жолындағы ізгілікті қадам ретінде есте қалды.
