Сарыағаш қаласында колледж студенттері үшін 101 төсек-орындық жаңа жатақхананың құрылысы басталды. Бұл нысан өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға және жастарды сапалы тұрмыстық жағдаймен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі болып табылады.
Жатақхана жеке кәсіпкердің бастамасы негізінде және мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі арқылы салынуда. Құрылыс жұмыстары толықтай кәсіпкердің өз қаражаты есебінен қаржыландырылады. Жоба аяқталғаннан кейін мемлекет құрылысқа жұмсалған инвестицияларды алты жыл ішінде өтеуді жоспарлап отыр. Мұндай ынтымақтастық моделі бизнес пен мемлекет арасындағы серіктестіктің тиімділігін арттырып, әлеуметтік нысандарды қарқынды салуға мүмкіндік береді.
Жаңа жатақхананың жобалау барысында студенттердің күнделікті өміріне қажетті барлық жағдай қарастырылған. Ғимараттан тұрғын бөлмелер, душ және санитарлық тораптар, оқу бөлмелері, асхана, кір жуу аймақтары және демалыс бөлмелері орналастырылады. Бұл студенттерге қолайлы орта қалыптастырып, білім алуға толыққанды жағдай жасамақ.
Жатақхананың іске қосылуы өңірдегі колледждердегі жатын орын тапшылығын азайтуға, жастардың білім алу мүмкіндігін кеңейтуге оң ықпал етеді деп күтілуде. Студенттерге арналған инфрақұрылымды дамыту – облыстың әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі, және бұл жоба соның нақты көрінісі.
