Түркістан облысының Созақ ауданында ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи мұраның бірі – Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі толық жаңғыртылып, қайта пайдалануға берілді. Киелі нысанды қалпына келтіруге шамамен 330 миллион теңге қаржы жұмсалған.
Құмкент ауылынан оңтүстікке қарай үш шақырым жерде орналасқан кесене XVIII ғасырдан бастау алатын тарихи-мәдени мұра нысаны саналады. Сонымен қатар ол «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясындағы 100 ұлттық қасиетті нысанның қатарына енгізілген.
Кесенені жаңғырту жұмыстарын Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры жүзеге асырған. Жұмыс барысында тарихи нысанның сәулеттік ерекшеліктері ескеріліп, қалпына келтіру ғылыми-реставрациялық құжаттама негізінде жүргізілген.
Жаңғырту тек кесенемен шектелмеген. Зиярат етушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қонақүй, асхана және кесене қараушысының үйі де жөндеуден өткен.
Жаңарған тарихи нысанның ашылуына зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, аудан тұрғындары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Қонақтар кесенені аралап, атқарылған жұмыстармен танысты. Ақсақалдар ақ батасын беріп, елдің амандығы мен бірлігін тіледі.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы, академик Асқар Құлыбаев, Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов сөз сөйлеп, тарихи-рухани мұраны сақтаудың маңызын атап өтті. Қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков те игі шараға қатысты.
Кесене – өткеннің белгісі ғана емес, ұрпаққа аманат. Сондықтан ғасырлардан жеткен мұраны қалпына келтіріп, оны келер ұрпаққа лайықты күйде жеткізу – тарихи жауапкершілік.
Айта кетейік, Halyk қайырымдылық қоры соңғы 10 жылда білім, спорт, мәдениет және әлеуметтік қолдау салаларында 100 миллиард теңгеден астам қаржыға 200-ден астам жобаны жүзеге асырған.
Созақтағы Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесінің қайта жаңғыруы – тарихи мұраны сақтаумен қатар, киелі орынға келетін зияратшылар үшін жағдайды жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
