ТҮРКІСТАНДА ЗАУЫТТАР ҚАТАРЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ: ӨҢІРДЕ ЖАҢА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ БОЙ КӨТЕРУДЕ

Түркістан облысында өндіріс орындарын көбейтуге бағытталған инвестициялық жобалардың құрылысы қарқын алды. Өңірде жаңа зауыттар салынып, өндірістік қуатты арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек «Turan» арнайы экономикалық аймағына барып, салынып жатқан бірқатар кәсіпорынның құрылыс барысын тексерді. Әсіресе биыл іске қосылуы жоспарланған жобалардың уақыт кестесіне басымдық берілді.

20 гектар аумақта мақта иіріп, джинсы мата шығаратын зауыт салынуда. «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС жобасы іске қосылғаннан кейін өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталмақ. Қазір кәсіпорынның өндірістік цехтарында темір бағаналар орнатылып, шатыр жабындысы төселіп, ішкі қабырғалар қалануда. Инженерлік желілерге қосу жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Ал «Eurasian Packing Materials» ЖШС скотчтың жартылай фабрикатын шығаратын өндіріс орнын тұрғызуда. 1,97 гектар аумақта орналасатын кәсіпорын іске қосылғанда 50 жаңа жұмыс орны ашылады.

Мұнымен өндірістік жобалар шектелмейді. «Turan» арнайы экономикалық аймағында сэндвич-панельдер мен полиэтилен пленкаларын, ауыл шаруашылығы техникасы мен оның жиынтықтауыштарын, бір рет қолданылатын биологиялық ыдырайтын ыдыстар мен қаптамаларды, сондай-ақ дизель-генераторлық қондырғыларды шығаратын өндіріс орындары да бой көтеріп жатыр.

Өңірдегі инвестициялық белсенділік Түркістан қаласының Өндірістік паркінде де байқалады. Мұнда жаңа жобалар орналастырылып, өндірістік нысандарды іске қосуға дайындық жүргізілуде.

Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға құрылыс сапасын сақтап, жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен бірге инженерлік инфрақұрылымға қосу және қажетті жабдықтарды орнату жұмыстарын жеделдету міндеті қойылды.

Жаңа зауыт – жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орны және өңір экономикасына қосылған жаңа серпін. Түркістандағы индустриялық жобалардың іске қосылуы облыстың өндірістік әлеуетін кеңейтіп, инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан мектептерінде деструктивті діни ағымдардың алдын алу бойынша кездесулер өтті

berdaly_oraz

«Мұнайдан тыс жаңа мүмкіндік: Қазақстан мен Сауд Арабиясы өндірістік әріптестікті күшейтуде»

Redaktor Arysinfo

Ордабасы – өндіріс пен инвестицияның жаңа нүктесі

Альфия Адамбек