Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлігін дамыту мен халықтың табысын арттырудың тиімді құралына айналды. Соңғы үш жылда жобаға республикалық бюджеттен 30,2 млрд теңге бөлініп, 4 223 жоба қаржыландырылды. Соның нәтижесінде өңірде 4 635 жаңа жұмыс орны құрылып, 79 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аппарат мәжілісінде бағдарламаның алдағы кезеңінде тек ауыл шаруашылығына емес, өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытатын жобаларға да басымдық беру қажеттігін атап өтті.
Бағдарлама аясында жылыжайлар салынып, мал басы көбейіп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайған. Биыл жобаға 15,3 млрд теңге қарастырылып, 1 115 жобаны қаржыландыру және тағы 1 400 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Өңірде балық жемін өндіру, макарон, шұжық және шұлық шығаратын өндірістерді іске қосу көзделіп отыр. Бұл бастамалар ауыл экономикасын әртараптандырып, жаңа өндіріс орындарының ашылуына жол ашады.
