Арыс қаласының аумағында жұмыс істеп тұрған карьерлерде жер қойнауын пайдалану және инертті материалдарды тасымалдау кезінде белгіленген талаптардың сақталуына байланысты түсіндіру жұмыстары бақылауда.
Осыған байланысты қала аумағында жұмыс істеп тұрған барлық карьерлерге арнайы ескерту хаттары таратылды.
Атап айтқанда карьер басшыларына өндірілетін құм және басқа да инертті материалдарды тасымалдайтын ауыр жүк көліктеріне көлік құралына белгіленген жүк көтерімділігінен артық құм тиеуге жол бермеу қажеттігі түсіндірілді.
Яғни, ауыр жүк көліктерінің кузовына белгіленген мөлшерден тыс құм тиеп, көлікке артық салмақ түсіруіне жол берілмеуі тиіс. Бұл талап ең алдымен жолдардың бүлінуіне жол бермеу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қойылып отыр.
Сонымен қатар, белгіленген талаптарды бұзу, оның ішінде ауыр жүк көліктеріне шамадан тыс жүк тиеу фактілері анықталған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатыны ескертілді.
Қала әкімдігі карьер иелері мен жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындарды белгіленген талаптарды қатаң сақтауға, ал ауыр жүк көліктерінің артық жүктемемен жолға шығуына жол бермеуге шақырады.
