Дереккөз, фото: Келес ауд әкімдігі
Келес ауданының орталығы — Абай ауылында тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Осыған байланысты аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев ауыл ішіндегі құрылыс және абаттандыру нысандарын аралап, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Аудан басшысы алдымен ауылдағы көрікті демалыс орындарының бірі — Әбжапар Жылқышиев атындағы гүлзар аумағында болды. Қазіргі таңда гүлзарды Ошақты каналына дейін ұзарту жұмыстары қолға алынған. Жобаның алғашқы кезеңінде Б. Қырғызәлиев және Абай көшелерінің аралығында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде аумақта жерді тегістеу және жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, автомобиль жолының бағыты нақтыланып, асфальт төсеуге дайындық жүргізілуде. Нысан барысымен танысқан аудан әкімі гүлзар аумағындағы ескі нысандарды жаңарту және мемлекет қажеттілігі үшін алынатын ғимараттарға қатысты жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.
Жәнібек Ағыбаев бұл жобаның ауылдың сәулеттік келбетін жаңартып, тұрғындардың серуендеуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды бастама екенін атап өтті. Сондай-ақ барлық жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы қажеттігін айтты.
Бұдан кейін аудан әкімі Араншы каналы бойында жаңадан салынып жатқан демалыс аймағын аралады. Атқарылған жұмыстарға оң бағасын берген аудан басшысы бұл аумақтың әлеуетін одан әрі арттыру қажеттігін жеткізді.
Осыған байланысты жастар мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатында канал бойына қосымша воркаут алаңдары мен балалар ойын алаңшаларын орнату жоспарлануда. Сонымен қатар, ауыл әкімі Асыбек Жұмановқа Араншы каналының бойын Ж. Абуов және М. Артықов көшелеріне дейін, сондай-ақ аудандық сот ғимаратына дейінгі аумақты абаттандыру және көгалдандыру бойынша жаңа жобалар әзірлеу тапсырылды.
