Республика күні қарсаңында «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында «Саған кітап арнадым» акциясы басталды. Бастама кітап сыйлау мәдениетін дамытуға және қоғамда оқырмандық қызығушылықты арттыруға бағытталған.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошевтің айтуынша, акцияның мақсаты – кітапты білім мен идея алмасудың, адамдарды жақындастыратын рухани сыйлықтың үлгісі ретінде дәріптеу.
Акцияға қатысу үшін жаңа немесе жақсы сақталған кітапты таңдап, ішіне жылы лебіз жазып, оны досыңызға, әріптесіңізге немесе жақын адамыңызға сыйлау ұсынылады.
Қатысушылар кітап сыйлау сәтін әлеуметтік желілерде жариялап, @kitap_oqityn_ult парақшасын белгілеп, #СағанКітапАрнадым, #КнигаДляТебя, #BookForYou және #Republicday хэштегтерін қолдана алады.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл бастама кітап оқуды күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдырып, қоғамда білім мен рухани құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік береді.
