ТҮРКІСТАНДА МАХАББАТ ПЕН ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Түркістан қаласында жастарға арналған тағылымды әрі мазмұнды мәдени шара – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» заманауи жұптар байқауы жоғары деңгейде өтті. Ұлттық рух пен заманауи көзқарасты ұштастырған бұл жоба «Жаңа толқын» бастамасы аясында ұйымдастырылып, қатысушылар мен көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Ауқымды іс-шараны Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ-і, «Respublica» партиясы және «Re Jastary Turkistan» облыстық ұйымы бірлесе ұйымдастырды. Сонымен қатар, «Re.Women» әйелдер қауымдастығы қолдау білдірді.

Байқаудың негізгі мақсаты – жастар арасында ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттап, адал махаббат, өзара сыйластық пен үйлесімді қарым-қатынасты дәріптеу. Бұл ретте қатысушылар тек өнер көрсетіп қана қоймай, өздерінің ішкі мәдениеті мен дүниетанымын да таныта білді.

Кеш Достық үйі ғимаратында өтті. Байқау төрт кезең бойынша ұйымдастырылды: «Өзін-өзі таныстыру», «Өнер – ортақ тіл», «Береке – бірлікте» және «Сұрақ-жауап, мақал-мәтел жалғастыру». Әр кезеңде жұптардың шығармашылық деңгейі, сахна мәдениеті, тапқырлығы мен үйлесімділігі сарапқа салынды.

Сайысқа барлығы 7 жұп қатысып, олардың ішінде студенттік Ассамблея өкілдері де бар. Қатысушылар ұлттық нақыш пен заманауи стильді үйлестіре отырып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Байқау қорытындысы бойынша үздік жұптар түрлі номинациялармен марапатталып, жүлделі орындарға ие болды. Ал бас жүлдені жеңіп алған жұпқа 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

Бұл кеш – тек байқау ғана емес, жастардың өнері мен мәдениетін дәріптеген, ұлттық құндылықтарды жаңғыртқан, рухани сабақтастықты нығайтқан маңызды мәдени алаң ретінде есте қалды.

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕК АДАМЫ — ЕЛ ЫРЫСЫ

Redaktor Arysinfo

Түркістан облысында оқырман мәдениетін дамытуға бағытталған жобалар жүйелі түрде іске асуда

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 300 МВт ҚУАТТЫ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

berdaly_oraz