Түркістан қаласында көлемі 50 гектарды қамтитын жаңа экопарк салынып жатыр. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асуда.
Қазіргі таңда парк аумағы толық қоршалып, мыңға жуық ағаш көшеті егілген. Алдағы кезеңде мұнда 10 мыңға дейін түрлі ағаш отырғызу жоспарланған. Олардың қатарында өңірдің ауа райына төзімді тораңғы, үйеңкі, акация, терек және өрік ағаштары бар.
Демалыс аймағында жаяу жүргіншілер көпірі, күн энергиясымен жұмыс істейтін жарық шамдары, орындықтар мен барбекю алаңдары орнатылады. Сонымен қатар аумақ тас және ағаштан жасалған сәндік мүсіндермен безендірілмек.
Жоба ерекшелігінің бірі – экопаркке аққулардың жіберілуі. Мамандардың сөзінше, бұл паркке ерекше көрік беріп, тұрғындар мен туристердің қызығушылығын арттыра түседі.
