ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Цифрлық технологиялар білім сапасын арттырып, болашақ мамандарды даярлауға тың мүмкіндік ашуда.

Жасанды интеллект пен цифрландыру қазіргі қоғамның даму бағытын айқындайтын маңызды факторларға айналды. Бүгінде бұл технологиялар медицинада, қаржыда, өндірісте, ғылыми зерттеулерде, аударма және көлік салаларында кеңінен қолданылып келеді. Ал білім беру жүйесінде олардың маңызы артып, оқыту әдістерін жетілдіруге жол ашуда.

Білім беруді цифрландыру тек онлайн сабақтармен шектелмейді. Бұл үдеріске электронды күнделіктер, цифрлық оқулықтар, білім беру платформалары және жасанды интеллект негізінде оқыту құралдары кіреді. Олардың көмегімен оқушылар өз бетінше білім алып, қажетті ақпаратқа қол жеткізе алады. Сонымен қатар цифрлық шешімдер мұғалімдердің жұмысын оңтайландырып, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанда білім беруді цифрландыру бірнеше кезеңнен өтті. 1980–1990 жылдары компьютерлік сауаттылықты қалыптастыруға басымдық берілсе, 2000–2018 жылдары ақпараттық технологиялар білім беру жүйесіне енгізілді. Ал 2018 жылдан бастап цифрлық трансформацияға, яғни оқу үдерісін технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға баса назар аударылып келеді.

Дегенмен цифрлық технологияларды пайдалануда жауапкершілік пен қауіпсіздік мәселелерін де ескеру қажет. Интернетке шамадан тыс тәуелділік оқушылардың денсаулығына, зейін қоюына және әлеуметтік қарым-қатынасына кері әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ дайын жауаптарға шектен тыс сүйену сыни ойлау мен шығармашылық қабілеттердің дамуына кедергі келтіруі ықтимал. Сондықтан жасанды интеллект мұғалімді алмастыратын құрал емес, білім алуға көмектесетін қосымша мүмкіндік ретінде қолданылуы керек.

Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Сеултех жасанды интеллект және информатика жоғары мектебінің ашылуы. Бұл бастама жасанды интеллект пен ақпараттық технологиялар саласындағы білім мен ғылыми әлеуетті дамытуға бағытталған.

Қорыта айтқанда, жасанды интеллект пен цифрландыруды тиімді әрі қауіпсіз пайдалану – білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды тетігі. Технологияны орынды қолдану, сыни ойлау қабілетін дамыту және адам факторын басты назарда ұстау болашақ мамандардың бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді.

Ұқсас жаңалықтар

Арыс қаласында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселесі қаралды

Түркістан: Отырарда суару маусымына дайындық қарқынды жүріп жатыр

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА СЫМТЕМІР ӨҢДЕЙТІН ЦЕХ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ