2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 3 жастан асқан тұрғындардың 47,7 пайызы дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысқан. Қалаларда бұл көрсеткіш 49,3 пайызға жетсе, ауылдық жерлерде 45 пайызды құрады. Мамандар ауылдағы өсім қарқыны жоғары болғанымен, инфрақұрылым мәселесі әлі де өзекті екенін атап өтеді.
Елімізде бүгінде шамамен 26 мың спорт нысаны бар. Алайда олардың мыңнан астамы жөндеуді қажет етеді. 2025 жылы спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі 59,6 пайызға жеткен. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті 65 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта 2026 жылы тағы 121 жаңа спорт нысанын пайдалануға беру көзделген.
Зерттеу қорытындысы бойынша Қазақстандағы ең танымал спорт түрі – футбол. Елде 19,4 мың футбол секциясы жұмыс істейді және оларда 1,1 миллион адам жаттығады. Бұл барлық спорт секцияларындағы қатысушылардың шамамен 16 пайызын құрайды. Футбол секцияларының жартысынан көбі ауылдық жерлерде орналасқан.
Футболдан кейін ұлттық спорт түрлері кеңінен дамып келеді. Қазақстанда ұлттық спорт бойынша 17,2 мың секция жұмыс істейді, онда 659,9 мың адам жаттығады. Әсіресе тоғызқұмалақ пен қазақ күресіне қызығушылық жоғары. Сонымен қатар волейбол, баскетбол, үстел теннисі, шахмат, жеңіл атлетика, футзал, дойбы және бокс та халық арасында кең таралған спорт түрлерінің қатарында.
