Арыс қаласында өткен «Жалпы ұлттық құндылықтар – ел дамуы» атты ауқымды мәдени іс-шара көпшіліктің көңілінен шығып, ұлттық рухты асқақтатқан мазмұнды басқосуға айналды. Руханият орталығы ұйытқы болған кеш – ата дәстүр мен бүгінгі ұрпақ арасындағы алтын көпір іспетті болды. Шараның шымылдығы ерекше сән-салтанатпен түрілді. Түркістан облысынан арнайы келген комиссия мүшелерін өнерпаздар күй мен ән арқылы қарсы алып, қазақы рухтың әуенін сезіндірді. Бұл сәт жиылған жұртқа ерекше әсер сыйлап, кештің мазмұнын айқындай түсті.
Іс-шара барысында Арыс өңірінің құрметті азаматтары таныстырылып, ел тарихы мен рухани мұрасы кеңінен насихатталды. Танымдық бағыттағы әңгімелер мен шежірелі деректер көпшілікке ой салды. Әсіресе, Жүніс Әбдісаттарұлының мазмұнды баяндауы өткен мен бүгіннің байланысын айқын көрсетті.
Сахна төрінде ұлттық киімдер көрмесі ұйымдастырылып, қазақы нақыштағы әрбір ою-өрнектің өзіндік тарихы паш етілді. Сонымен қатар, «Мұңлық-Зарлық» монументі таныстырылып, халық жадындағы тарихи тағдырлар жаңғыртылды.
Алаңда ұлттық ойындар ойнатылып, көпшілік асық ату, арқан тарту, ләңгі тебу секілді дәстүрлі сайыстарға белсене қатысты. Бұл – тек ойын ғана емес, атадан балаға жалғасқан ұлттық болмыстың көрінісі екені анық аңғарылды.
Қазақтың көшпелі тұрмысын бейнелейтін көріністер де назардан тыс қалмады. Қолөнершілер ұршық иіріп, жіп иіріп, тоқыма тоқу өнерін көрсетсе, күбі пісу дәстүрі де көпшілікке таныстырылды. Бұл – ұлттық тәрбиенің маңызды бөлігі ретінде бағаланды.
Қонақжайлық дәстүрі де кеңінен көрініс тапты. Арнайы сойылған қойдың басы тартылып, қонақтарға құрмет көрсетілді. Бұл қазақ халқының сыйластық пен ізеттілікті жоғары бағалайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Шараға арнайы шақырылған қонақтар қатарында:
“Шаңырақ” қоғамдық бірлестігінің басшысы Сабира Байзахова,
Түркістан облыстық “Әжелер алқасының” төрайымы, ардагер ұстаз Балымхан Байтенова,
қолөнер шебері, этнограф Жанболат Сүйімбай,
облыстық “Ардагерлер кеңесінің” өкілі Бекжігіт Манашев болды.
Олар ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталып, өз пікірлерін ортаға салды.
Өнер мектебінің ұстазы Мадина Байзакованың қолөнер бұйымдары да көпшілік назарына ұсынылып, ерекше қызығушылық тудырды. Ал ардагерлерге көрсетілген құрмет – ұрпақ сабақтастығының айқын белгісі болды.
Абай атындағы кітапхана ұйымдастырған көрме де рухани байлықты насихаттауға бағытталды. Кеш гала-концертке ұласып, әжелер ансамблінің әндері мен жырлары көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Сондай-ақ, тұсаукесер рәсімі көрсетіліп, жас ұрпаққа ақ жол тілеген дәстүр көпшіліктің ықыласына бөленді.
Шара соңында ұлттық тағамдар ұсынылып, ақ дастархан басында қазақы қонақжайлықтың мәні тағы бір мәрте айқындалды.
Кеш қорытындысында ұйымдастыруға атсалысқан мекемелер марапатталып, алғыс хаттар табысталды.
Арыста өткен бұл тағылымды кеш – ұлттық рухты жаңғыртып қана қоймай, болашақ ұрпаққа бағыт-бағдар берген маңызды шара болды.
