Түркістан облысының Сарыағаш ауданында ішкі көші-қон үдерісін дамытуға бағытталған маңызды іс-шара – «Жаңа қоныс – 2026» жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет үйінде өткен жиынға Шығыс Қазақстан облысынан арнайы келген делегация қатысып, жергілікті тұрғындарға жаңа мүмкіндіктерді кеңінен таныстырды.
Жәрмеңке барысында ерікті қоныс аудару тетіктері, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар және мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары жан-жақты түсіндірілді. Келушілер көші-қон бағдарламасының шарттарымен танысып, өздерін қызықтырған сауалдарға нақты жауап алды.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде еліміздің 6 өңірінен жалпы саны 11 856 вакансия ұсынылды. Атап айтқанда:
– Абай облысы – 1 580 орын,
– Қарағанды облысы – 3 794 орын,
– Павлодар облысы – 4 112 орын,
– Солтүстік Қазақстан облысы – 1 138 орын,
– Ұлытау облысы – 403 орын,
– Шығыс Қазақстан облысы – 829 орын.
Іс-шараға 400-ден астам тұрғын қатысып, олардың 50-ден астамы солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірді. Бұл – өңіраралық ынтымақтастықтың нығайып, халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
«Жаңа қоныс – 2026» жәрмеңкесі тек жұмыс табуға мүмкіндік беріп қана қоймай, жаңа өмір бастауға жол ашатын маңызды алаңға айналды.
