Өзбекстанның Самарқанд қаласында алғаш рет өткен «Бауырлас қалалардың халықаралық форумы» аясында Түркістан қаласы мен Риштан қаласы арасында бауырластық және серіктестік қатынастар орнату туралы меморандумға қол қойылды.
Форумға әлемнің 20-ға жуық елінен 300-ден астам делегат қатысты. Түркістан қаласының атынан әкім орынбасары Бекбол Аманжол мен кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Өмірзақ Адхам қатысты.
Қол қойылған меморандум екі қала арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, инвестиция тартуға, туризмді дамытуға, сондай-ақ білім, ғылым, мәдениет, спорт және жастар саясаты салаларында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
Форум барысында қатысушылар «Мәңгілік қала» туристік кешенінде Достық ағашын отырғызып, бауырлас қалалар арасындағы өзара сенім мен ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың символына айналған игі дәстүрге үлес қосты.
Сондай-ақ B2B және B2G форматындағы кездесулерде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, кәсіпкерлер арасындағы іскерлік байланысты нығайту және өңіраралық әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды.
Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы әрі тарихи-туристік орталық болса, Риштан – дәстүрлі керамика өнерімен әлемге танылған көне шаһар. Екі қаланың серіктестігі мәдени мұраны сақтауға, туризмді, қолөнер мен кәсіпкерлікті дамытуға жаңа мүмкіндік береді.
Самарқанд форумында жасалған бұл келісім Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтып, өңіраралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты.
