Түркістанда қазақ боксының жарық жұлдызы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық бокс додасы басталды.
Б.Саттарханов атындағы спорт кешенінде өтіп жатқан XXI халықаралық турнирге 2013–2014 жылдары туған жасөспірімдер қатысуда. Биылғы бәсекеге Қырғыз Республикасынан және Қазақстанның бірқатар өңірінен 400-ден астам жас былғары қолғап шебері жиналды.
Жарыстың ашылу салтанатында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы, сондай-ақ Бекзаттың алғашқы бапкері мен анасы сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Бекзат Саттархановтың есімі қазақ спорты тарихында өшпес із қалдырды. Оның Олимпиададағы жеңісі ел жастарына жігер беріп, боксқа деген қызығушылықты арттырған айтулы оқиғалардың бірі болды.
Бүгінде оның атындағы турнирде жас спортшылар шаршы алаңға шығып, өз шеберліктерін сынауда. Бұл жарыс – тек жүлде үшін талас емес, Бекзаттың спорттағы өнегесін кейінгі буынға жеткізетін дәстүрлі дода.
Халықаралық турнир 27 қыркүйек пен 1 қазан аралығында өтеді. Жас боксшылар үшін бұл жарыс тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдап, үлкен спортқа алғашқы қадам жасауға мүмкіндік беретін маңызды бәсеке болмақ.
