ТҮРКІСТАНДА ҚОҚЫС, КАРЬЕР ЖӘНЕ ПОЛИГОН МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛДІ

Түркістан облысында қоршаған ортаны қорғау мәселелері тағы да күн тәртібіне шықты. ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев өңір тұрғындарымен кездесіп, халықтың экологиялық талап-тілектерін тыңдады.

Жиынға үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, табиғат жанашырлары және жергілікті тұрғындар қатысты. Кездесуде тұрғындар үшін маңызды бірқатар мәселе көтерілді. Оның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару, қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу, заңсыз қоқыс орындары, сондай-ақ карьерлердің қоршаған ортаға әсері сөз болды.

Тұрғындар әсіресе қоқыс полигондары мен бей-берекет қоқыс орындарына қатысты алаңдаушылықтарын жеткізді. Вице-министр азаматтардың сұрақтары мен ұсыныстары назарға алынатынын айтып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.

Кездесуде айтылған барлық ұсыныстар хаттамаға енгізілді. Олардың орындалуы вице-министрдің тікелей бақылауында болатыны айтылды.

Бұған дейін Мансұр Ошурбаев азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштерін тыңдады. Қабылдауда да қоқыс полигондары, заңсыз қоқыс орындары және қалдықтарды қайта өңдеу мәселелері көтерілді.

Түркістан облысында бүгінде тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыруға арналған 151 полигон белгіленген. Оларды санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкестендіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жұмыстар жоспарға және бюджет мүмкіндігіне қарай жүзеге асырылады.

Экологиялық бақылау барысында да нақты нәтиже бар. Өткен жылы «Ғарыш сапары» АҚ жүргізген ғарыштық мониторинг кезінде облыс аумағынан 249 бей-берекет қоқыс орны анықталған. Жыл соңына дейін олардың барлығы жойылған. Бұл фактілер бойынша Экология департаменті тарапынан тексерулер жүргізіліп, заң бұзушылықтарға қатысты айыппұлдар салынған.

Алдағы уақытта қоқыс орындарын бақылауды күшейту мақсатында бейнебақылау қондырғыларын орнату жоспарланып отыр.

Қалдықтарды кәдеге жарату көрсеткіші де біртіндеп өсіп келеді. 2025 жылы облыста пайда болған қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату үлесі 31 пайызды құрап, жоспар толық орындалған. Биыл бұл көрсеткішті 33 пайызға жеткізу көзделген. 8 айдың қорытындысы бойынша жоспардың 32 пайызы орындалған.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында 7 млрд теңгеге салынған жағажайдың халі қалай?

АРЫС : МҰҢЛЫҚ-ЗАРЛЫҚ КЕСЕНЕСІ – ТАРИХИ МҰРА

Redaktor Arysinfo

Қазақстан жаһандық сот төрелігі жүйесіндегі ұстанымын күшейтеді