Тоғыз жолдың торабы, Орта Азия қақпасы атанған Арыс қаласы 70 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. 2 қазан күні өткен салтанатты шара шаһардың жеті онжылдықтағы тарихын таразылап, ел дамуына үлес қосқан азаматтарды ұлықтаған тағылымды мерекеге айналды.
ХХ ғасырдың басында теміржол станциясы ретінде қалыптасқан Арыс 1956 жылы қала мәртебесіне ие болды. Содан бергі жетпіс жыл ішінде шағын теміржол бекеті іргелі тарихы, өзіндік келбеті мен қалыптасқан дәстүрі бар қалаға айналды. Бүгінде Арыс – талай тағдыр тоғысқан, еңбек адамдары қалыптастырған шежірелі шаһар.
Мерейтойлық шараға Арыстың тарихымен тағдырын тоғыстырған азаматтар мен арнайы келген қадірлі қонақтар қатысты. Олардың қатарында академик, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның тұңғыш ғылым және білім министрі Мұрат Жұрынов, сондай-ақ әр жылдары қала тізгінін ұстап, оның дамуына өзіндік үлесін қосқан Қуаныш Айтаханов, Әлімжан Құртаев, Қанат Сыдықов бар.
Салтанатты жиында қала әкімі Қайсар Маңқараев пен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов Арыс жұртын айтулы мерейтоймен құттықтап, қаланың қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан азаматтарға ризашылықтарын білдірді.
Мерейтой аясында шаһардың өркендеуіне әр жылдары елеулі үлес қосқан бірқатар азаматқа «Арыс қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Сондай-ақ еңбегімен елге танылған азаматтар арнайы мерейтойлық төсбелгілермен марапатталды.
Кештің көркемдік бөлігі де Арыс тарихымен сабақтасты. Қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары шаһардың қалыптасуы мен даму жолын сахналық қойылым арқылы көрерменге жеткізді. Өткеннен сыр шерткен қойылым көпшілікке Арыстың жетпіс жылдық тарихын жаңа қырынан танытты.
Мерекелік концертте елімізге танымал өнер иелері өнер көрсетіп, Арыс аспанын ән мен әзілге бөледі. Сатира саңлақтары Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшора, сондай-ақ жергілікті «Миллион» жайдарман командасы көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ал эстрада жұлдыздары Сырым Исабаев, Әбдіжаппар Әлқожа, Серік Ибрагимов пен Сиви Махмуди танымал әндерін орындап, мерейтойлық кештің ажарын аша түсті.
Арыстың 70 жылдығы – бір қаланың мерейтойы ғана емес, жеті онжылдықта шаһардың қалыптасуына үлес қосқан тұтас буынның е�
