ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ИГЕРУГЕ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Pallas Resources Ltd» компаниясының президенті әрі құрылтайшысы Даниэл Риклманмен кездесті.

Кездесу барысында өңірдің минералдық-шикізаттық әлеуетін зерделеу, жер қойнауындағы пайдалы қазбалар қорын анықтау, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу және инвестициялық әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды.

«Pallas Resources Ltd» – Орталық Азия аумағында мыс пен алтын кен орындарын іздеу және геологиялық барлау жұмыстарымен айналысатын британдық компания. Сондай-ақ компания халықаралық тау-кен өнеркәсібіндегі ірі инвесторлармен әріптестік байланыс орнатқан.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің табиғи ресурстарын тиімді игеру, геологиялық зерттеу жұмыстарын жандандыру және жаңа инвестициялар тарту экономиканы әртараптандырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар инвесторлармен өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға және ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға өңірдің дайын екенін жеткізді.

Өз кезегінде Даниэл Риклман Түркістан облысының геологиялық барлау саласындағы әлеуетіне қызығушылық білдіріп, бірлескен жұмыстың мүмкіндіктерін қарастыруға ниетті екенін айтты.

Кездесу қорытындысында тараптар ықтимал ынтымақтастық бағыттарын пысықтап, өзара байланысты жалғастыруға уағдаласты.

Ұқсас жаңалықтар

АРЫСТА ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ ЗАМАНАУИ ҮЛГІДЕ ҚАЙТА САЛЫНУДА

Redaktor Arysinfo

ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТӘРТІП – ОРТАҚ МІНДЕТ: ТҮЛКІБАСТА РЕЙДТІК ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛДІ

Redaktor Arysinfo

Маңғыстау облысында 15 жастағы оқушы мектепке бармауы салдарынан ата-анасына айыппұл салынды

berdaly_oraz