СЕЙДЕШ БАҚДӘУЛЕТ: «БАСТЫ МАҚСАТЫМ – АРЫСТЫҢ ДАМУЫНА ҮЛЕС ҚОСЫП, ХАЛЫҚ СЕНІМІН АҚТАУ»

Арыс қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер Сейдеш Бақдәулет Бақытұлы өзінің сайлауалды тұғырнамасы мен бағдарламасын таныстырды. Кандидаттың негізгі мақсаты – Арыс қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жәрдемдесу және халықты толғандырған өзекті мәселелердің оң шешілуіне атсалысу.

Сейдеш Бақдәулет Бақытұлы 1992 жылы 20 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 2008 жылы Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектепті тәмамдаған. Білімі жоғары, мамандығы – құқықтану. 2022 жылдан бастап «Әділет» партиясы Арыс қалалық филиалының кеңесшісі қызметін атқарып келеді.

Қоғамдық-саяси қызмет барысында жинақтаған тәжірибесін туған қаласының дамуына бағыттауды көздеген үміткер сайлауалды бағдарламасында халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін мәселелерге басымдық берген.

Кандидаттың пікірінше, қаланың дамуы ең алдымен жолдардың сапасын жақсартудан, ауызсумен тұрақты қамтамасыз етуден, медициналық қызмет пен білімнің қолжетімділігін арттырудан, жаңа жұмыс орындарын ашудан және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастырудан басталады.

«Мен үшін депутаттық қызмет – ең алдымен халық алдындағы үлкен жауапкершілік. Әрбір тұрғынның өтініші мен ұсынысы назардан тыс қалмауы тиіс. Қала орталығы мен ауылдық елді мекендердің дамуына бірдей көңіл бөлініп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстар жүргізілуі қажет. Менің басты мақсатым – халықтың сенімін ақтап, Арыс қаласының дамуына өз үлесімді қосу», – деп атап көрсетеді үміткер өзінің сайлауалды ұстанымында. Сейдеш Бақдәулеттің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі – денсаулық сақтау саласын дамыту.

Үміткер Арыс қалалық орталық ауруханасы мен емханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, медициналық жабдықтардың жаңартылуына және бейінді дәрігерлер қызметінің қолжетімділігін арттыруға ықпал етуді жоспарлап отыр.

Әсіресе ауылдық елді мекендердегі медициналық көмектің сапасын жақсарту, маман тапшылығын азайту және «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жас медицина қызметкерлерін тартуға жәрдемдесу мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Білім беру саласында мектептердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын дамыту көзделген.

Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт алаңдарын көбейту, бұқаралық спортты қолдау және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға жағдай жасау да кандидат бағдарламасынан орын алған. Арыс қаласының инфрақұрылымын жаңғырту – үміткердің негізгі басымдықтарының бірі.

Кандидат қала көшелеріндегі жолдардың сапасын жақсартуға, тозығы жеткен жолдарды орташа және күрделі жөндеуден өткізу мәселесін көтеруге, қоғамдық көлік қатынасының қолжетімділігі мен сапасын арттыруға күш салуды көздейді.

Оның пікірінше, сапалы жол мен тұрақты қоғамдық көлік қатынасы – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды қажеттілік.

Бұдан бөлек, баспана мәселесі де назардан тыс қалмайды. Үміткер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың заңнамаға сәйкес баспанамен қамтамасыз етілуіне ықпал етіп, тұрғын үй бағдарламаларының ашық әрі әділ жүзеге асырылуын қолдауды жоспарлап отыр.

Сейдеш Бақдәулет қаланың экономикалық әлеуетін арттырудың маңызды жолдарының бірі ретінде инвестиция тарту мен шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды атап көрсетеді.

Кандидаттың пайымдауынша, Арыс қаласының географиялық орналасуы, көлік-логистикалық мүмкіндіктері және ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті жаңа өндіріс орындарын ашуға негіз бола алады.

Осы бағытта отандық және шетелдік инвесторларды тартуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың дамуына және тұрақты жұмыс орындарының ашылуына ықпал ету көзделген.

Сондай-ақ жаңадан кәсіп бастаған азаматтарға мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру, субсидиялау бағдарламалары мен жеңілдетілген несиелерге қолжетімділікті арттыруға жәрдемдесу де үміткердің негізгі міндеттерінің бірі болмақ. Кандидат ауылдық елді мекендердің экономикалық дамуына ерекше мән береді.

Оның бағдарламасында «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ету, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту, отбасылық кәсіпкерлікті қолдау және ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысын жандандыру мәселелері қамтылған.

Үміткер ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін мемлекеттік бағдарламалардың тиімді әрі қолжетімді болуы маңызды деп есептейді.

Сонымен қатар еңбек адамдарының мүддесін қорғау, жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқытуға бағыттау, жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке бейімдеу мәселелеріне де басымдық берілмек. Сейдеш Бақдәулеттің сайлауалды тұғырнамасында әлеуметтік қорғау мәселелері де кеңінен қамтылған.

Кандидат көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, қарт адамдарға, мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға күш салуды жоспарлап отыр.

Әлеуметтік осал топтардың тұрмыс жағдайын жақсарту, мемлекеттік қолдау шараларының тиімді жүзеге асырылуын бақылау және қоғамдық орындарда кедергісіз орта қалыптастыру да бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі.

Үміткердің ұстанымынша, әлеуметтік әділдік – әрбір азаматтың заңмен белгіленген құқықтары мен мүмкіндіктерін тең пайдалануына жағдай жасау. Қаланың тазалығы мен абаттандырылуы да кандидаттың назарында.

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында көшелерді абаттандыру, тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару жүйесін жетілдіру, қоқыс контейнерлерін көбейту, жасыл желектер отырғызу және тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру мәселелері көтерілген.

Кандидаттың пікірінше, қаланың көркеюі тек тазалық жұмыстарымен шектелмеуі керек. Ол үшін тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу маңызды. Үміткер сайлауалды бағдарламасының маңызды бөлігі ретінде халықпен тұрақты кері байланыс орнатуды қарастырады.

Сайлауалды кездесулер барысында тұрғындардан түскен ұсыныстар мен өтініштерді жинақтап, олардың негізінде нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу көзделген.

Жарияланым кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан төленді.

Ұқсас жаңалықтар

Шардаралық түлектер ауыл тұрғынына үй сыйлады

ЖӘРДЕМАҚЫ АЛУДЫҢ ЖАҢА ТӘРТІБІ: ЕНДІ МҰҚТАЖДЫҚ ДЕҢГЕЙІ ЕСКЕРІЛЕДІ

Redaktor Arysinfo

Заң мен Тәртіп» – жаңа Конституцияның негізгі қағидаты: Олжас Бектенов құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ВАК отырысын өткізді