АРЫСТЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ: КӘСІПКЕР АЗАМАТ БАЙБОСЫНОВ НЕНІ ӨЗГЕРТПЕК?

Арыс қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат Азамат Байбосынов сайлауалды бағдарламасында қаланың инфрақұрылымын жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мәселелерін басты бағыт ретінде айқындаған. Туған қаласында кәсіпкерлікпен айналысып, қоғамдық бастамаларға атсалысып жүрген үміткер алдағы уақытта да елді мекендердің дамуына ықпал етуді мақсат етеді.

Байбосынов Азамат Шералыұлы 1985 жылғы 9 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында дүниеге келген. 1991 жылы Ақдала ауылындағы С. Ерубаев атындағы мектепте білім жолын бастап, 2001 жылы Арыс қаласындағы №18 С. Қожанов атындағы мектепті тәмамдаған.

2008 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетін «Қаржы» мамандығы бойынша бітірген. Кейін Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінде білімін жалғастырып, 2010 жылы «Құқықтану» мамандығын меңгерген.

Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Үміткердің өмірбаяндық мәліметіне сәйкес, 2010 жылы «Жылдың үздік жас кәсіпкері», 2022 жылы «Жылдың үздік тауар өндірушісі» номинацияларымен марапатталған. Ал 2023 жылы «Арыс қаласын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ие болған.

Азамат Байбосынов кәсіпкерлік қызметімен қатар жергілікті инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған бастамаларға қатысып келеді. Атап айтқанда, Арыс қаласындағы А. Байтұрсынов көшесін жарықтандыру, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына атсалысып, жаяу жүргіншілер жолының салынуына ықпал еткен. Үміткер ұсынған мәлімет бойынша, аталған көше 2024 жылы «Жылдың үздік көшесі» атанған.

Сондай-ақ ПМС елді мекенінің басты көшесіне жол салуға үлес қосқан. Бұдан бөлек, жыл сайын көпбалалы отбасылардың балаларына оқу құралдарын алып беріп, әлеуметтік қолдау көрсетуге көңіл бөліп келеді. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасында тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық мәселелер кеңінен қамтылған.

Атап айтқанда, қала ішіндегі автомобиль жолдарының сапасын жақсарту, көшелерді жарықтандыру, абаттандыру және көгалдандыру бағыттарына басымдық берілген.

Сонымен қатар №47 және №49 көппәтерлі тұрғын үйлердің аумағында балалар ойын алаңшасын салуға, футбол алаңын қайта жаңғыртуға, О. Байдәулетов және Абдразақов көшелерін орташа жөндеуден өткізуге ықпал етуді жоспарлап отыр.

Көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту және олардың сыртқы келбетін жақсарту да үміткер назарындағы мәселелердің бірі.  Азамат Байбосыновтың сайлауалды бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі – шағын және орта бизнесті қолдау.

Кандидат жергілікті кәсіпкерлердің мәселелерін тиісті органдар алдында көтеру, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарға қолдау көрсету және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған жобаларға ықпал етуді көздейді.

Үміткер көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету, қайырымдылық бастамаларын дамыту және әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етуді маңызды міндеттердің бірі ретінде қарастырады. Сонымен бірге жастардың сапалы білім алуына, мамандық меңгеруіне және еңбек нарығында өз орнын табуына мүмкіндік беретін бастамаларды қолдауды жоспарлаған.

Азамат Байбосынов тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау, қоғамдық маңызы бар мәселелерді бірлесе талқылау және оларды тиісті мемлекеттік органдарға жеткізу бағытында тұрақты жұмыс жүргізуді көздейді.

Үміткердің сайлауалды бағдарламасы жол инфрақұрылымы, абаттандыру, кәсіпкерлік, әлеуметтік қолдау және жастар саясаты секілді негізгі бағыттарды қамтиды.

Осылайша, Азамат Байбосынов алдағы сайлауда туған қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту және халық көтерген мәселелердің шешілуіне атсалысу міндеттерін алға қойып отыр.

Жарияланым кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан төленді.

Ұқсас жаңалықтар

Облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мәжілісі өтті

АРЫСТА ӨНДІРІСТІК ПАРК НАҚТЫ ЖОБАЛАРМЕН ТОЛЫҒУДА

Redaktor Arysinfo

Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасына жаңа басшы тағайындалды

berdaly_oraz