ҚАРИЯСЫ ҚАДІРЛІ ЕЛДЕ ҚАМҚОРЛЫҚ ҮЗІЛМЕЙДІ: ТҮРКІСТАНДА 1253 АДАМҒА КӨМЕК БЕРІЛЕДІ

Халықаралық қарттар күні қарсаңында өңірдегі аға буынға көрсетілетін қолдау шаралары жарияланды

Қариясын құрметтеу – ұлттың тәрбиесі мен адамгершілік құндылығының айқын көрінісі. Түркістан облысында Халықаралық қарттар күніне орай жалғызілікті әрі әлеуметтік қолдауды қажет ететін қарттарға материалдық көмек көрсету қарастырылған.

Аудан және қала мәслихаттарының шешімдеріне сәйкес, жергілікті бюджет есебінен үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілетін жалғызілікті қарттарға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде материалдық көмек беріледі. Биыл мұндай қолдау 1253 қарияға көрсетілмек.

Мерекеге орай облыстың барлық аудан-қалаларында аға буын өкілдеріне арналған арнайы іс-шаралар да ұйымдастырылады.

Бүгінде Түркістан облысында 212 мыңнан астам зейнет жасындағы азамат бар. Олардың арасында 3 Ұлы Отан соғысының ардагері, 2145 тыл еңбеккері және жасы 100-ден асқан 39 қария бар.

Қарияларға қамқорлық тек мерекелік шаралармен шектелмейді. Өңірде ардагерлерді қолдау және олардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді.

Мәселен, облыста жұмыс істейтін екі «Ардагерлер үйінде» жыл сайын 7,8 мыңға жуық азамат 14 күндік сауықтыру қызметтерімен қамтылады. Оның ішінде «Ардагерлер үйінде» 4 мыңға жуық, ал «Мейір» ардагерлер үйінде 3,8 мыңға жуық адам сауықтырудан өтеді.

Егде жастағы азаматтардың белсенді өмір салтын ұстануына және қоғамнан шет қалмауына жағдай жасау мақсатында облыстың барлық аудан-қалаларында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары жұмыс істейді.

Бұл орталықтардың негізгі мақсаты – қарттардың өмір сапасын жақсарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, әлеуметтік және психологиялық әл-ауқатын арттыру. Сонымен қатар мұнда аға буын өкілдерінің қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беріледі.

Қарттық – қоғамнан шет қалатын кезең емес. Керісінше, өмірлік тәжірибесі мол аға буынның ақыл-кеңесі мен өнегесі кейінгі ұрпақ үшін қашанда құнды. Сондықтан қарияға жасалған қамқорлық – өткенге көрсетілген құрмет қана емес, келешекке жасалған инвестиция.

Ұқсас жаңалықтар

Арыста кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ СЕССИЯСЫНДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

berdaly_oraz

Газға салғырт қараудың құны қымбат: Арыста заң бұзғандарға айыппұл салынды

Redaktor Arysinfo