Елімізде пәтерге тіркелу талаптарын күшейту мәселесі қарастырылып жатыр. Үкімет отырысында бір үйге адамдарды тек қағаз жүзінде тіркеп, бірақ олардың іс жүзінде ол жерде тұрмайтын жағдайлары кеңінен талқыланды.
Мамандардың айтуынша, мұндай жалған тіркеу елдегі көші-қон есебіне кері әсерін тигізіп отыр. Яғни, ресми деректер мен нақты жағдай арасында алшақтық пайда болады.
Қазіргі таңда Астана қаласында бұл мәселені реттеу үшін арнайы норма енгізілген. Оған сәйкес, отбасы мүшелерін есептемегенде, бір адамға кемінде 15 шаршы метр тұрғын алаң қарастырылуы тиіс. Енді осындай талапты еліміздің барлық өңірінде енгізу ұсынылуда.
Бұл бастаманың басты себебі – кейбір пәтер иелерінің пайда табу мақсатында онда тұрмайтын адамдарды тіркеуі. Ресми мәліметке сүйенсек, жыл сайын шамамен 8 мыңға жуық жылжымайтын мүлік иесі осындай заңбұзушылық үшін жауапқа тартылады.
Сонымен қатар, мекенжай тіркеу кодтарының дұрыс берілмеуі де өзекті мәселеге айналған. Кей жағдайларда тұтас бір тұрғын ауданға бір ғана код беріледі. Бұл өз кезегінде халықты нақты есепке алуды қиындатып, заңбұзушылықтарды анықтауға кедергі келтіреді.
Тағы бір назар аударылған мәселе – «барақ» үлгісіндегі жалдамалы үйлер. Құжат жүзінде олар тұрғын үй ретінде тіркелгенімен, іс жүзінде жатақхана сияқты пайдаланылып келеді. Мұндай нысандар инфрақұрылымға қосымша салмақ түсіріп, құқықтық тәртіпке де әсер етуде.
Осыған байланысты уәкілетті органдар бірқатар шараларды қолға алуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, жалған тіркеудің алдын алу үшін шектеулер енгізу, күмәнді пәтер иелеріне цифрлық бақылауды күшейту және жалға берілетін тұрғын үйлерді ретке келтіру көзделуде.
Егер бұл ұсыныстар қолдау тапса, алдағы уақытта пәтерге тіркелу тәртібі қатаңдап, кез келген адамды формалды түрде тіркей салу мүмкіндігі шектелмек.
