ТҮРКІСТАНДА «САҚШЫ» ЖОБАСЫНЫҢ 12 ЖҮЛДЕГЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Сақшы» интерактивті жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқау қорытындысында төрт санат бойынша 12 жүлдегер анықталып, бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ әлеуметтік бейнероликтер әзірлеуге қатысқан 150 оқушы марапатталды.

Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Превенция және талдау әзірлемелері департаментінің басшысы Дәурен Райымқұлов, облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Сабырғали Балғалиев, құқық қорғау және білім саласының өкілдері, ұстаздар, ата-аналар мен жастар қатысты.

Өңір басшысы өз сөзінде жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заңға құрметпен қарау және қаржылық қауіпсіздік мәселелерінің маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындады. Заңға құрмет отбасынан басталып, мектепте жалғасып, қоғамдағы күнделікті қарым-қатынаста көрініс табуы тиіс. Біздің басты мақсатымыз – заңды құрметтейтін, өз құқығы мен міндетін білетін, рухани бай, бәсекеге қабілетті және жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімі сондай-ақ жастар арасында буллингтің алдын алу, өзара сыйластық пен қолдау мәдениетін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

«Сақшы» жобасы Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаны ұйымдастыруға облыс әкімдігі мен Білім басқармасы қолдау көрсеткен.

Интерактивті ойын барысында оқушылар мен студенттер интернет-алаяқтықтың түрлерін анықтауды, жеке деректерді қорғауды және күмәнді қаржылық операциялардан сақтануды үйренді. Әсіресе банк картасын бөгде адамдарға беру, жеңіл табыс туралы ұсыныстарға сену және алаяқтардың арбауына түсу қаупіне назар аударылды.

Жоба аясында ұйымдастырылған әлеуметтік бейнероликтер байқауында оқушылар қаржылық алаяқтықтың зардаптарын зерттеп, оның алдын алу жолдарын шығармашылық жұмыстар арқылы көрсетті.

Байқау жеңімпаздары:

«Алғашқы карта»: І орын – Алимов Нұралы, ІІ орын – Нұралы Кенесары, ІІІ орын – Беркінбай Саян.

«Қаржылық мониторинг»: І орын – Рүстемұлы Мұхамедқанапия, ІІ орын – Тілеубек Мұхаммедяр, ІІІ орын – Ахметбек Алихан.

«Ақылды сақшы»: І орын – Ордабай Айша, ІІ орын – Оразалы Перизат, ІІІ орын – Нақыпбек Айсұлтан.

«Жеңіл ақша»: І орын – Мырзахожа Шұғыла, ІІ орын – Балқыбеков Бекасыл, ІІІ орын – Балтабай Жания.

Бұдан бөлек, әлеуметтік бейнероликтерді дайындауға атсалысқан 150 оқушыға алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталып, жобаны ұйымдастыруға үлес қосқан білім саласының бес өкілі марапатталды.

Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен және шығармашылық қойылымдармен жалғасты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Сақшы» жобасының басты мақсаты – жас ұрпақтың қаржылық сауаттылығын арттыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу және заңға құрметпен қарайтын жауапты азаматтарды тәрбиелеу.

 

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: Төлебилік шаруа жүзім бағынан 300 тонна өнім алады

Түркістан: Келес ауданында шабдалы өсіру жұмыстары жанданды

Түркістанда шіркейге қарсы дәрілеу жұмыстары жалғасып жатыр