ЖЕРДІ ИГЕРУ, АУЫЛДЫ ДАМЫТУ, ЖҰМЫС ОРНЫН АШУ: МАМЫТ АХМЕТТІҢ БАСТЫ БАСЫМДЫҚТАРЫ

Ауылдың дамуы – ең алдымен оның экономикалық әлеуетін тиімді пайдаланудан, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырудан және жаңа мүмкіндіктер қалыптастырудан басталады. Әсіресе ауыл шаруашылығы негізгі табыс көзі саналатын елді мекендерде суармалы жерлерді игеру, инфрақұрылымды жақсарту және кәсіпкерлікті қолдау маңызды. Осы бағыттарды өзінің сайлауалды бағдарламасына арқау еткен Арыс қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат Мамыт Ахмет Мыңбайұлы туған өңірінің дамуына үлес қосуды мақсат етеді.

Мамыт Ахмет Мыңбайұлы Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округінің Қожатоғай ауылында дүниеге келіп, осы өңірде өскен. Мамандығы бойынша мұнай, газ және көмірді қайта өңдеу саласының инженері. Сонымен қатар мемлекеттік және жергілікті басқару бағытында жоғары білім алған.

Еңбек жолын өндіріс саласында бастап, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-да слесарь-жөндеуші, инженер-механик және жетекші инженер-механик қызметтерін атқарған. Кейін кәсіпкерлікке бет бұрып, «Мамыт» шаруа қожалығының құрылтайшысы болды. Қазіргі таңда басқару және құрылыс салаларында қызмет атқарып келеді.

Өндірістік тәжірибе, кәсіпкерлік және басқару салаларындағы еңбек жолы жауапкершілік пен жүйелі жұмыстың маңызын ұғындырған. Кандидаттың пайымынша, туған өлкенің дамуы тұрғындарды күнделікті толғандыратын мәселелерді шешуден басталуы тиіс.

Мамыт Ахметтің «Халықпен бірге – игілік жолында!» атты сайлауалды бағдарламасы Арыс қаласы, Сырдария елді мекені, Қожатоғай, Байтоғай және Шөгірлі ауылдарының өзекті мәселелерін қамтиды. Бағдарламада он негізгі бағыт белгіленген.

Бірінші кезекте жол сапасы мен көлік қатынасын жақсарту мәселесі тұр. Кандидат 2027 жылы аталған елді мекендердегі жөндеуді қажет ететін көше учаскелерін ретке келтіру мәселесін көтеруді көздейді. Сонымен қатар ауылдар арасындағы көлік қатынасын жақсарту, қоғамдық көліктің тұрақты жүруіне және жол қауіпсіздігін арттыруға ықпал етуді жоспарлаған.

Екінші бағыт – ауызсу, электр энергиясы және коммуналдық инфрақұрылым. Тұрғындарды сапалы ауызсумен және үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету, көшелерді жарықтандыру аясын кеңейту, тозған инженерлік желілерді жөндеу мәселелеріне басымдық берілген.

Үшінші бағытта ауыл кәсіпкерлігін дамыту көзделген. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктерін кеңейту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдау және мемлекеттік бағдарламалардың игілігін тұрғындарға қолжетімді ету мәселелері қамтылған.

Төртінші бағыт – ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру. Әсіресе Қожатоғай, Байтоғай және Шөгірлі ауылдарындағы игерілмей жатқан суармалы жерлерді қайта айналымға енгізу, суару жүйелерін қалпына келтіру және жаңғырту мәселелері маңызды орын алады. Бұл бастамалар ауыл шаруашылығы өндірісін жандандыруға және жер ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған.

Бесінші бағыт тұрғындардың табысын арттыру мен жаңа жұмыс орындарын ашуға арналған. Шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, инвестиция тарту арқылы тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыруға ықпал ету жоспарланған. Сондай-ақ жастарды кәсіптік оқыту және жас кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау бағдарламаларына тарту көзделеді.

Алтыншы бағыт – медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасын жақсарту, бейінді дәрігерлердің қызметін қолдау және шалғай ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту мәселелері көтерілген.

Жетінші бағытта мәдениет пен білім беру саласына назар аударылған. Қожатоғай ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысын қолға алу мәселесін көтеру, ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту және білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсартуға ықпал ету көзделген.

Сегізінші бағыт әлеуметтік қорғау мәселелерін қамтиды. Қарт адамдардың, көпбалалы отбасылардың және мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттыру, мемлекеттік қолдаудың уақытылы әрі әділ көрсетілуіне жәрдемдесу жоспарланған.

Тоғызыншы бағыт – сапалы байланыс пен интернет. Ауылдық елді мекендердегі ұялы байланыс сапасын жақсарту, интернет қамту аясын кеңейту, мемлекеттік қызметтерді электронды форматта пайдалану мүмкіндігін арттыру мәселелері назарға алынған.

Оныншы бағыт ауылдардың тазалығы мен көркеюіне арналған. Елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, қоғамдық орындарды ретке келтіру және қалдықтарды жинау мен шығару жүйесін жетілдіру жұмыстарына ықпал ету көзделеді.

Мамыт Ахметтің сайлауалды бағдарламасында ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысынан бастап, елді мекендердің ұзақ мерзімді дамуына дейінгі мәселелер қамтылған. Әсіресе суармалы жерлерді қайта игеру, ауыл шаруашылығын қолдау, кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бастамалары өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Кандидат үшін депутаттық қызметтің негізгі өлшемі – тұрғындардың талап-тілегін тыңдау, өзекті мәселелерді тиісті деңгейде көтеру және олардың шешілуіне ықпал ету. «Халықпен бірге – игілік жолында!» деген ұстаным да осы мақсатты айқындайды.

Жарияланым кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан төленді.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда «Senat Open» ІІІ ашық кубогының іріктеу кезеңі өтті

berdaly_oraz

Түркістанда әлем чемпионатының финалы үлкен экраннан көрсетілді

Redaktor Arysinfo

Түркістан:Төлеби ауданының инвестициялық әлеуеті таныстырылды