Туған жердің өркендеуіне үлес қосу – әр азаматтың азаматтық әрі перзенттік парызы. Ал ауылдың дамуы ең алдымен тұрғындарды толғандырған мәселелердің шешілуімен өлшенеді. Ақдала ауылының тумасы, жеке кәсіпкер Нұрбол Қарсыбайұлы Ақтаев та Арыс қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде елді мекеннің әлеуметтік және инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруды басты мақсат етіп отыр.
Нұрбол Қарсыбайұлы Ақтаев 1978 жылғы 30 қарашада қазіргі Түркістан облысы, Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. 1985 жылы С. Ерубаев атындағы жалпы орта мектептің табалдырығын аттап, 1995 жылы осы білім ордасын тәмамдаған.
Жоғары білімді маман Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Агрономия-экология» мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ол 2006 жылы отбасын құрған. Жұбайы Алтынбекова Ақмарал Тұрлыбековна С. Ерубаев атындағы жалпы орта мектепте мұғалім болып еңбек етеді. Сегіз баланың – алты қыз бен екі ұлдың әкесі.
Кандидаттың пікірінше, ауылдың әлеуетін арттыру үшін ең алдымен тұрғындардың күнделікті тұрмысында кездесетін түйткілдерге назар аудару қажет. Осы мақсатта Нұрбол Ақтаев сайлауалды бағдарламасында бірнеше маңызды бағытты айқындаған.
Соның бірі – ауыл шаруашылығы үшін аса маңызды су мәселесі. Ол Ақдалаға тиесілі арықтар мен каналдарды бетондау, сондай-ақ жасанды көлді іске қосу жұмыстарына ықпал етуді көздейді. Бұл бастамалар су ресурстарын тиімді пайдалануға және ауыл шаруашылығының дамуына қолдау көрсетуге бағытталған.
Әлеуметтік салада аурухана ғимаратын жаңарту, оның материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мәселелерін көтермек. Сонымен қатар мектептердің жалпы жағдайын жақсарту, материалдық базасын нығайту және білім беру ұйымдарын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге ықпал етуді жоспарлап отыр.
Мәдениет саласы да назардан тыс қалмайды. Бағдарламада мәдениет қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту, шығармашылық бастамаларын қолдау және кәсіби дамуына мүмкіндік жасау мәселелері қамтылған.
Ауылдың келбеті мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін абаттандыру жұмыстарын жандандыру, балаларға арналған қауіпсіз ойын және спорт алаңдарын ұйымдастыру да негізгі міндеттердің қатарында. Бұған қоса, газдандыру, көшелерді асфальттау және жарықтандыру арқылы елді мекеннің инфрақұрылымын жақсарту көзделген.
Кандидат тұрғындардың әлеуметтік жағдайын да тұрақты назарда ұстауды маңызды міндет санайды. Нұрбол Ақтаевтың сайлауалды бағдарламасы ауылдың күнделікті тіршілігіне тікелей әсер ететін мәселелерді қамтиды. Су жүйесін реттеу, медициналық қызмет сапасын арттыру, мектептердің жағдайын жақсарту және қауіпсіз қоғамдық орта қалыптастыру – Ақдала тұрғындары үшін маңызы бар бағыттар.
Кандидат алға қойған бастамаларды жүзеге асыруда тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, олардың ұсыныс-пікірлерін ескерудің маңызын атап өтеді. Оның ұстанымы – ауылдың өзекті мәселелерін тиісті деңгейде көтеріп, шешілуіне ықпал ету және елді мекеннің дамуына үлес қосу.
Жарияланым кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан төленді.
