Дереккөз, фото: Сарыағаш ауд әкімдігі
Сарыағаш ауданының Дарбаза ауылдық округінде орналасқан индустриялық аймақта «Альбарака 077» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өсімдік майын өндіретін зауыты салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне аудан әкімі Арман Абдуллаев қатысып, ауыл ақсақалдарымен бірге нысанның лентасын қиды. Осылайша кәсіпорын жұмысын ресми түрде бастады.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 1 миллиард теңгені құрайды. Зауыттың іске қосылуы нәтижесінде 25 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл өз кезегінде өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруына оң әсерін тигізеді.
Кәсіпорынға индустриялық аймақ аумағынан жалпы көлемі 3 гектар жер телімі бөлінген. Өндіріс орнында заманауи технологиялық жабдықтар орнатылып, тәулігіне 50 тонна өсімдік майы және 65 тонна мал азығын өндіру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл көрсеткіштер өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін береді.
Кәсіпорын басшысы Абдулбосид Мамадалиев зауыттың өндірістік үдерісімен таныстырып, алдағы уақытта дайын өнімді Өзбекстан мен Тәжікстан мемлекеттеріне экспорттау жоспарланып отырғанын жеткізді.
